11 қар, 2016 сағат 09:30

Ақтөбеде теракті болатынын жасырған күдіктілер 6 жылға дейін сотталуы ықтимал

- Ақтөбе облыстық сотында Ақтөбе қаласында орын алған терактіге қатысты қылмыстық істі қарастыруды жалғастыруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Естеріңізге сала кетелік, Ақтөбедегі лаңкестік оқиға 5 маусымда болған. Террористік шабуыл кезінде 18 содырдың көзі жойылып, тоғызы ұсталған. Сонымен қатар лаңкестік топта болған алайда сол күні терактіге қатысудан бас тартып, қашып кеткен 18 күдіктіден сотта жауап алынды.

Күдіктілер сот барысында лаңкестік топта мүшелік еткендерін жасырған жоқ, істеген істеріне өкініш білдірді. Дегенмен кісі өлтіруге өздерін кінәлі санамайды.

«Ауыр қылмыс орын алатынын алдын ала біліп, бірақ оны құқыққорғау органдарына хабарламаған күдіктілер сотта өз істеріне өкінетіндіктерін білдірді және өздерінің жауаптарында «қылмысты жасырғандары» үшін жауапкершілікке тартылатындықтарын білмегендерін айтады. Күдіктілердің бір бөлігі пәтерде лаңкестік топ басшылары Таңатаров пен Айтуғанның үндеулерін түсінбегендерін, джихад Қазақстанда емес, Сирияда немесе Америкада орын алуы тиіс деп ойлағандарын мәлім етті», - дейді Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хатшысы Илиада Досова.

Жалпы сот отырысы басталған күннен, 24 қазан мен 9 қараша аралығында барлық 66 жапа шегуші мен 48 куәгер тыңдалды. Сонымен қатар істі болып жатқан күдіктілерден жауап алынды.

Қазіргі уақытта Ақтөбедегі лаңкестік бойынша 29 адам істі болып жатыр. Оның 9-ына лаңкестік жасады деген айып тағылса, 18-не қылмысты жеткізбеу (ҚР ҚК 438-бабы), 2 адамға - қылмысты жасырды (ҚР ҚК 432-бабы) деген айыптар тағылып отыр. Енді ҚР ҚК 432-бабы және ҚР ҚК 432-бабы бойынша айыпталып отырған күдіктілер террористерді жасырғаны үшін ірі көлемде айыппұл төлеуі немесе 6 жылға абақтыға қамалуы мүмкін.

Естеріңізге сала кетелік, Ақтөбедегі лаңкестік оқиға 5 маусымда болған. Террористік шабуыл кезінде 18 содырдың көзі жойылып, тоғызы ұсталған.