
Ақтөбе облысы «жасыл» аймақта болғанымен, соңғы уақытта вирус жұқтырғандар саны артты. Облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Наурыз мерекесін қоғамдық орындарда емес, отбасында атап өтуді ұсынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Кеше өңірде 26 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Ақтөбе қаласы мен Ойыл, Хромтау аудандарының тұрғындары дерттің симптомды түріне шалдыққан. Аурушаңдықтың өсу деңгейі 0,6% құрады. Жалпы облыста бүгінге дейін 4614 жағдай тіркеліп, оның 92 пайыздан астамы жазылған. Қазіргі кезде 600 адам үй карантинінде жатыр. Бәрі де дәрігерлер бақылауында болады.
«Күн сайын коронавирус инфекциясын жұқтырған адам саны арта бастады. Халықтың санитариялық сауаттылығын арттыру ету мақсатында түсіндіру жұмысы жанданды. Конференция, көрме ұйымдастырып, салтанатты шараларды өткізуге болмайды. Наурыз мекемесінде де халықтық шараларды өткізуге шектеу қойылды. Мерекені тек отбасында атап өткен жөн», - деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева.
Қазіргі кезде өңірде 87 науқас инфекциялық стационарларда ем қабылдап жатыр. Оның 81-і қалада. Науқастардың жетеуі жансақтау бөлімінде.
«Карантиндік стационарларда 14 адам жатыр. Ақтөбе қаласында 6, Мәртөкте 4, Қарғалыда 4 адам бақылауда болады», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров.
