16 мау, 2025 сағат 18:06

«Әлде арызданушылардан алғыс күтіп отыр ма?»

Фото: Kozachkov offside

Kozachkov offside телеграм арнасы Ақмола облысы Қорғалжын ауданындағы мал ұрлығына қатысты ақпарат жариялады. Онда полиция қылмыстық істі тіркеуден бас тартқан, ал прокурор «азаматтық-құқықтық дау» деп санаған.  Бұл туралы Ult.kz Kozachkov offside -ке сілтеме жасап хабарлайды.

Телеграм арнаның жазуы бойынша Қорғалжын ауданының полициясына «Ақ Құлын» ЖШС өтінішпен жүгінді. Шаруашылықтан 486 жылқы мен 24 бас ірі қара мал ұрланған. Инвентаризация бойынша шығын 278 570 000 теңгені құрады. «Ақ Құлын» ЖШС бухгалтерлік есептің барлық ережелеріне сай рәсімделген құжаттарды ұсынған. Алайда полиция растаудың жоқтығын айтып, істі тіркеуден бас тартқан. Қорғалжын ауданының полиция бастығы Дархан Қуанышев арызданушыларды аудиторларға жіберген.

"Дархан Ермекұлының пікірінше, шығынды тек аудит арқылы ғана бағалауға болады. Қарапайым тілмен айтқанда, подполковник заңдық сауаты төмен, не білмейді, не инвентаризация — заңмен қарастырылған және толыққанды дәлел бола алатыныны туралы білуге ерінеді", - дейді Козачков.


"Содан кейін жағдай одан сайын нашарлай түседі" деп жазады ол. Аудан прокуроры Жасұлан Кемелбеков бұл істі «азаматтық-құқықтық дау» деп санаған.

"Қызық, мал ұрланған, құжаттар бар, шығын 278 миллион теңге. Бірақ Қорғалжын ауданының прокуроры мен полиция бастығы арыздарды қабылдаудан бас тартып отыр.
Басқаша айтқанда, лауазымды тұлғалар өздерінің кәсіби біліксіздігін көрсетіп отыр. Әлде қылмыстық істі тіркеуден бас тарту арқылы прокурор Кемелбеков пен полиция бастығы Қуанышев қылмысты жасырып отыр ма? Егер мен жағдайды дұрыс түсінбей жатсам — түзетіңіздер", - дейді ол.


"Табын жылқы мен сиырды ұрлау оңай емес. Бұл аса ірі көлемдегі шығын" деген Михаил Козачков, "егер Қорғалжын ауданында полицейлер мен прокурорлар не істеу керектігін білмесе, мен айтып берейін" деп күйінді.

"Арызды қабылдайсың, онда ұрлық фактісі, шығын сомасы және дәлел құжаттар бар. Оны ЕРДР-ге тіркейсің. Одан кейін — сотқа дейінгі тергеу: жауап алулар, қажет болса сараптамалар, күдіктілерді анықтау. Логика бойынша табыншыдан жауап алу керек. Одан кейін — прокурордың жұмысы. Қиын ештеңесі жоқ. Қадағалаушы орган полицияның жұмысын бақылауы тиіс", - дейді ол.


Және мынаны Козачков айдан анық нәрсе деп есептейді:

"Жасұлан Бұрханбайұлы, прокурор ретінде еңбек қатынасын қылмыстық іспен шатастыруға болмайды.
Ақмола облысының прокуроры Руфат Куттуковқа және ПД бастығы Нұрсұлтан Мұқашевқа сұрау жолдаймын. Бәлкім, олардың қол астындағылар жоғарыдан бұйрық күтіп отырған болар. Әлде арызданушылардан алғыс күтіп отыр ма?" -делінген телеграм арнада.