29 қаң, 2024 сағат 15:48

Әлі дайын емеспіз - министр талапқа сай емес диплом берген университеттерді жазалау туралы

Фото: gov.kz

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек берген дипломдары кәсіби біліктілік талаптарына сай болмаған университеттерден оқу ақысын қайтарып алу туралы ұсынысты қолдамайтынын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

«Былтыр Қазақстанда кәсіби біліктіліктер туралы жаңа заң шықты. Осы заңды біз ақырындап, баяу енгізіп жатырмыз. Бұл заң бойынша мамандықтар реттелетін және реттелмейтін мамандықтар деп екіге бөлінеді. Ақырындап реттелетін мамандықтарға да мән беруіміз керек. Енді кейбір мамандық иелеріне еңбек нарығында жұмыс табу үшін диплом ғана жеткіліксіз. Сырттай тәуелсіз комиссия немесе орталық енді ол кісінің біліктілігін сертификаттаудан өткізіп растау керек. Қазір осы заңның ішінде «Біліктілікті тәуелсіз растау» деген ұғым бар. Сондықтан осы жұмыс ақырындап-ақырындап жасалып келе жатыр. Оны бірден енгізсе, біздің түлектеріміз де дайын емес, жоғары оқу орындары да дайын емес – үлкен проблема болады. Бірақ биыл осы жүйені сіздермен сынақтан өткізуіміз керек. Ол үшін бірнеше жоғары оқу орнын таңдап алуымыз керек. Диплом иесінің біліктілігі расталмаған жағдайда не істейді? Жұмыс беруші оқу бітірген маманды дипломымен қабылдамаса, оны оқытқан жоғары оқу орны қандай жауапкершілік арқалайды? Грантпен оқыса кім жауап береді, ақылы негізде оқыса кім жауап береді? Осы сияқты көптеген сұрақ шығып жатыр», - деді министр Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен форумда.

Саясат Нұрбек депутаттар тарапынан жазалаудың қатал түрі ұсынылғанын да айтып қалды.

«Мәжілісте осындай бір пікірлер айтылып жатыр. Түлектің біліктілігі расталмаған жағдайда оны оқытқан жоғары оқу орны жазасын шегу керек деп отыр. Ол жаза қаржылай тұрғыда болу керек деген ұстаным. Мысалы, Ұлыбританияда түлек тәуелсіз емтихан арқылы дипломындағы кәсіби біліктілігін растай алған күннің өзінде кейін жұмыста сол маманның кесірінен апат немесе басқа да келеңсіз жайт орын алса, компанияға үлкен бір шығын келсе, сақтандыру төлемінің 70-80 пайызын жоғары оқу орны мен біліктілік сертификатын берген тәуелсіз институт төлейді. Біздің институттар, жоғары оқу орындары ондайға дайын ба, дайын емес пе? Былай қарасаңыз өте қатал ұсыныс. Бірден айтайын, Мәжіліспен ақылдасып, ондай шараларды қолдаған жоқпыз. Біздің қазіргі ұстанымымыз - «әлі дайын емеспіз». Кейін осыған өтуіміз керек. Сынақтан бірнеше университетте өткізіп көреміз. «Атамекен» палатасымен бірге, тәуелсіз сертификаттау институттарымен бір эксперимент жасауымыз керек. Стратегиямыз содан кейін ғана белгілі болады», - деді ведомство басшысы.