28 там, 2019 сағат 14:05

Алмалы ауданының тұрғындары ескі үйлерді сүруге түсіністікпен қарады – Сағынтаев

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев мегаполис аудандарының тұрғындарымен кездесуді жалғастыруда, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Кезекті кездесу кезінде Алмалы ауданының тұрғындары уақыт пен қаржылық шығынды қажет ететін міндеттерді іске асыруға түсіністікпен қарады. Олар — ескі үйлерді сүру, бала бақшаларды жөндеу және мектептер жанынан қосалқы нысандар салу. Жаяу жүргіншілер аумағы мен демалыс орындарын кеңейту бойынша жұмыстарды одан әрі жалғастыру ұсынылды», - деп жазды Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев instagram парақшасында.

Кездесу барысында түрлі мәселелер көтерілді.

«Өте маңызды өтініш айтылды, яғни қалаға инсульттен оңалту орталығы қажет. Бұл мәселе зерттелу үстінде. Мақсат — Алматыда заманауи көпбейінді медициналық кешен салу», - деді қала басшысы.

Сағынтаевпен кездесуге егде жандар көп келді.

«Кездесу кезінде әр үйге жауапты үлкендер белсенділік танытты. Бұл әрине, жақсы, өйткені олар орын алған проблемаларды және оларды шешу жолдарын біледі, тұрғын үйлер мен аулалардың жағдайын қадағалайды, ПИК-тердің жұмысын жақсартуға ықпал етеді. Жұмыстың мұндай үлгілерін тарату қажет»,-деп жазды әкім.