Фото: Polisia.kz
Ішкі істер министрлігі Алматы әуежайында болған оқиғаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ult.kz. Қолына пышақ ұстаған ер адам әуежай қызметкерін кепілге алып, рюкзагында "бомба" бар деп жолаушыларды қорқытқан.
Polisia.kz мәліметінше, аталған факт бойынша үш қылмыстық іс қозғалды:
- - Кепілге алу (ҚР ҚК-нің 261-бабы 2-бөлігі 4-тармағы) - мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
- - Қару қолдану арқылы жасалған бұзақылық (ҚР ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігі) - 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
- - Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау (ҚР ҚК-нің 273-бабы) - 5 000 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Оқиғаның мән-жайын тексеру үшін жедел-тергеу тобы құрылды. Сот шешімімен күдіктіге қатысты екі айға қамауда ұстау туралы бұлтартпау шарасы санкцияланды.
Сонымен қатар Ішкі істер министрі Ержан Саденовтың тапсырмасымен елдегі әуежайлар мен вокзалдардағы қауіпсіздік жүйесі тексерілуде.