
Алматы қаласында биыл ашылатын мектептерінің біріне ұлағатты ұстаз Рафиқа Нұртазинаның есімі берілмек. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің жауабында айтылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Еліміздің білім саласының дамуына елеулі үлес қосқан ұлағатты ұстаз Р. Нұртазинаның есімін ардақтау бойынша тиісті шаралар қабылдануда. 2018 жылы Алматы қаласының Бостандық ауданының «Нұрлытау» шағын ауданындағы бұрынғы Ынтымақ көшесіне Рафиқа Бекенқызы Нұртазинаның есімі берілді», - деді Үкімет басшысы.
Оның атап өтуінше, өткен жылғы Алматы қаласының Тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі комиссиясының шешіміне сәйкес Шоқан Уәлиханов атындағы № 12 мектеп қабырғасына Р.Нұртазинаға арналған мемориалдық тақта орнатылды.
«Қазіргі кезде Алматы қаласының әкімдігі қалада 2021 жылы ашу жоспарланған жаңа мектептердің біріне Р. Нұртазинаның есімін беру мәселесін пысықтауда. Бұл мәселе мектеп құрылысы аяқталғаннан кейін Алматы қаласы әкімдігі ұсынысының негізінде Үкімет жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының отырысына шығарылады», - деді Асқар Мамин.
