Алматы облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты бірнеше қылмысқа кінәлі деп танылған бұрынғы 5 полицейге қатысты айыптау үкімін шығарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Алматы облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматы облыстық соты таратқан мәліметке сүйенсек, сот үкімі 2021 жылғы 28 маусымда шығарылған. Онда жазалы деп танылған полицейлерге мынадай айып тағылған:
1) есірткі құралдарын, психотроптық заттарды өткізу мақсатында лауазымды тұлғаның қызметтік жағдайын пайдалана отырып, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен заңсыз дайындағаны, қайта өңдегені, сатып алғаны, сақтағаны және тасымалдағаны (ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігінің 1), 4) тармақтары);
2) бірнеше рет қорқытып алу жолымен, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен пара алғаны (ҚР ҚК 366-бабы 3-бөлігінің 1), 2), 4)-тармақтарымен);
3) лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны (361-баптың 1-бөлігі);
4) Көрiнеу заңсыз ұстап алғаны, күзетпен қамауға алғаны немесе күзетпен ұстағаны (ҚР ҚК 414-бабының 1-бөлігі);
5) лауазымды адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасалған алаяқтық әрекеттері (ҚР ҚК 190-бабы 2-тармағы), 3-бөлігі) үшін айып тағылды.
Сот оларды тағылған айыптар бойынша кінәлі деп танып, қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайды ескере отырып, сотталған адамның қылмыс жасауға қатысу рөліне, дәрежесіне қарай 2 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Соттың бұл үкімімен келіспеген сотталушылар апелляциялық шағым түсірді.
