06 қыр, 2019 сағат 07:05

Алматы облысы тауларында тағы да өрт шықты

Алматы облысының тауларында тағы да өрт шықты. Куәгерлер Талғар қаласы маңында тұтанған қызыл жалынның видеосын әлеуметтік желілерге жүктеп дабыл қаға бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Оқиға кеше кешкісін болған. Талғар маңындағы тауларда құрғақ шөп өртенді. Аумағы шамамен 10 гектар. Елді мекендерге ешқандай қауіп төнген жоқ. Тілсіз жаумен күресуге төтенше жағдай қызметкерлерімен жергілікті атқарушы билік өкілдері жұмылдырылды. Сондай-ақ жалынды ауыздықтауға түнде жауған жаңбыр да өз үлесін қосып, өрт 21.14 толығымен өшірілді», түсініктеме берді Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаменті. Сондай-ақ мамандар өңірде өрт қауіпті кезең сақталып тұрғанын ескертеді.