24 мау, 2022 сағат 12:50

Алматы облысындағы Түменбай ауылында сел жүрді - видео

Диас Нұрақын/facebook

Алматы облысы Кеген ауданындағы елді мекендердің бірінде сел жүрді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жергілікті тұрғындар әлеуметтік желіде оқиғаның видеоларын жариялап жатыр. Кадрлардан аулалар мен көшелерді су басып жатқанын көруге болады.

«23 маусым күні сағат 17.40-да шамасында Кеген ауданы Түменбай ауылында нөсер жаңбыр салдарынан ауыл іші көшелерін таудан аққан су басты. Тау суы 1 тұрғын үйге кірген және 11 үйдің ауласын басқан. Оқиға орнына аудан әкімі, Кеген ауылдық округінің әкімі, төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің қызметкерлері барды. Төтенше жағдайға бірнеше техника жұмылдырылды. Адамдар зардап шекпеген», - делінген Кеген ауданы әкімінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.


Сонымен қатар нөсер жауын кесірінен Кеген ауданындағы республикалық жол жиегін су шайып кетті.

«Алматы облысының Кеген ауданында республикалық маңызы бар Көкпек - Кеген - Түп - Жалаңаш - Саты - Көлсай көлі жолының 10-11 шақырым аралығындағы жиекті 23 маусым күнгі нөсер жаңбыр шайып кетті. Аталған учаскеде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында төтенше жағдайлардың алдын алу мекемесі, аудан әкімшілігі, полиция қызметкерлері, ДЭУ-91 мекемесінің өкілдері тарапынан кезекшілік ұйымдастырылып, жол қозғалысы қалпына келтірілді. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында табиғат салдарынан орын алған жағдайды қалпына келтіру жумыстары жүргізілуде», - делінген аудан әкімдігі баспасөз қызметінің хабарламасында.


"Қазгидромет" РМК-ның 20.06.2022 жылғы ауа райына байланысты ескертуіне сәйкес, жауын шашын салдарынан 2022 жылғы 21-23 маусым аралығында Алматы облысының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында өзендерде көлбеу ағын болып, су деңгейі көтерілуі мүмкін.

Алматы облысының ТЖД өкілдері азаматтарды 112 қызметінің SMS хабарламаларын назардан тыс қалдырмауға, ауа райының өзгеруін бақылауға, сақтық шараларын ұстануға шақырды.