07 нау, 2023 сағат 10:56

Алматы полициясы "ЧВК "Редан" туралы ақпаратқа пікір білдірді

©Baza

Алматы полициясы демалыс күндері ұсталған жасөспірімдер туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде "ЧВК "Редан" деп аталатын жасөспірімдер қалада төбелес ұйымдастыруды жоспарлап жатқаны туралы хабарлама пайда болып, полиция оларды ұстауға кіріскені де хабарланған еді.

Алматы полициясының баспасөз қызметі Алматыда жасөспірімдер ұсталғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар, өткен демалыс күндері қалалық ювенал полиция қызметкерлерімен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және заңсыз әрекеттердің алдын алу мақсатында профилактикалық іс-шаралар жүргізілгенін айтты.

"4 наурызда сағат 17:30-да полицияға Бостандық ауданындағы сауда үйіне жастардың жиналып жатқаны туралы хабарлама түсті. Жасөспірімдермен заң бұзуға жол бермеу туралы профилактикалық әңгіме жүргізілді. Кәмелетке толмағандар тарапынан құқық бұзу болған жоқ", - делінген хабарламада.

Айта кетейік, БАҚ "ЧВК "Редан" Hunter x Hunter анимесінің жасөспірім жанкүйерлерінің бейресми бірлестігі деп атады. Бірнеше жыл бұрын әлеуметтік желілерде осындай атаумен топ пайда болған. Ақпанның аяғынан бастап "Редан" мүшелеріне басқа жасөспірімдер тобымен жаппай төбелеске қатысқаны үшін айып тағылды. Бейресми қауымдастық мүшелерінің өзі бұл айыптауларды жоққа шығарады.