Алматы қаласында бір тәулікте 892 адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«21 қараша күні 892 алматылық вакцина салдырды, екпенің І компонентін – 489, II компонентін 403 адам алды. Вакцина салдырғандар саны бойынша Алматы қаласы алдыңғы орында тұр. Биылғы жылдың 1 ақпаны мен 21 қарашасы аралығында қалада 1 016 889 тұрғын вакцинаның бірінші компонентін, 969 923 адам екінші компонентін салдырған. Оның ішінде 121 828 адамның жасы 60-тан асқан»,- деп хабарлады басқармадан.
Қалада 132 пункт жұмыс істеп тұр. 733 адамнан тұратын 205 егу бригадасы бар.
«Қазір медицина ұйымдарында, мектептерде, мәдениет, спорт объектілерінде, базарлар мен қаланың сауда, ойын-сауық орталықтарында вакцинация пунктері жұмыс істейді», - деп нақтылады денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен.
