23 мау, 2022 сағат 21:11

Алматыда 5 қабатты үйлердің жанынан көпқабатты үй салынбайтын болды


Алматы әкімімен кездесуде Алмалы ауданының тұрғыны құрылыс мәселесін көтерді. Ол Нұрмақов көшесінің бойында 5 қабатты үйлердің жанынан көпқабатты тұрғын үй кешенін құрылысы басталғалы жатқанын айтып шағымданы, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тоқтаусыз салынып жатқан құрылыс жан-жағымыздан қысып бітті. Үйіміздің қасындағы тұрғын үйдің қабатын азайтуды сұрап едік, ол да орындалмады. Қазір 12 қабатты үй тұрғызылды. Сонымен қатар, Нұрмақов 150 мекенжайында үйімізге қарама-қарсы бос жер бар, сол жерге саябақ салып беруді де айтып келеміз. Бірақ онда да көпқабатты үй бой көтерді. Енді мердігер жанымыздағы 2 учаскені сатып алмақшы екен. Оны тоқтату мүмкін емес сияқты», – деді қала басшысымен кездесуге келген Алмалы ауданының тұрғыны. 

Алматы әкімі Ерболат Досаев ол жерге барғанын айтты. 

«Мен ол жерді барып көрдім. 2 учаскеге де қала тарапынан рұқсат берілген жоқ. Олар бізді хабардар етпеді. Кім сатып алса да, Нұрмақов көшесіне ғимарат салынбайды», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.