Алматы қаласында бір тәулікте 3 444 адам коронавирус вакцинасын салдырды. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«29 желтоқсан күні 3 444 алматылық вакцина салдырды. Вакцина салдырғандар саны бойынша Алматы қаласы алдыңғы орында. Биылғы жылдың 1 ақпаны мен 29 желтоқсан аралығында қалада 1 048 585 тұрғын вакцинаның бірінші компонентін, 1010 678 адам екінші компонентін салдырған. Оның ішінде 123 341 адамның жасы 60-тан асқан», - деп хабарлады басқармадан.
Бүгінгі таңда Pfizer (Comirnaty) компаниясының екпесін 29 744 адам салдырды. Оның ішінде 1 630 жүкті әйел, 5 942 бала емізетін ана және 22 172 жасөспірім бар.
Ревакцинациядан 63 538 алматылық өтті. Қалада 132 пункт жұмыс істеп тұр. 756 адамнан тұратын 201 екпе бригадасы бар.
«Қазір медицина ұйымдарында, мектептерде, мәдениет, спорт объектілерінде, базарлар мен қаланың СОСО-да вакцинация пункті жұмыс істейді», - деп нақтылады денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
