
Алматыда алдағы демалыс күндері қоғамдық көліктер жүрмейді, яғни автобустар мен метро жұмысы тоқтатылады. Бұл туралы Жандарбек Бекшин мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Демалыс және мереке күндері қоғамдық көліктердің жұмысын тоқтатамыз. Бұл Алматы қаласы «қызыл» аймақтан шыққанға дейін болады. Бұл негізгі эпидемияға қарсы шаралардың бірі. Мұндағы мақсатымыз - індеттің алдын алу және кең таралуын болдырмау»,-дейді ол.
Айта кету керек, 10 наурызда Алматы қаласы коронавирус бойынша «қызыл» аймаққа енген болатын. Қаланың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин жаңа қаулы шығарды. Оған сәйкес демалыс күндері, яғни, сенбі және жексенбі күндері қалада спорт кешендері, спорттық-сауықтыру орталықтары мен фитнес-орталықтар, сондай-ақ, сауда, ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері мен сауда желілерінің қызметіне тыйым салынған.
Ашық базарларға (азық-түліктік, азық-түліктік емес) тек жексенбіде жұмыс істеуге тыйым салынды. Супермаркеттер мен гипермаркеттердің уақыты сағат 06:00-ден 02:00-ге дейін шектелді.
