17 сәу, 2026 сағат 18:44

Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасына мониторинг жүргізіліп келеді


Фото: Алматы қаласы әкімдігі
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің тапсырмасы аясында Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылау және тұрақтандыру бойынша кешенді жұмыстар қолға алынды. 

Биыл 16 сәуірден бастап «Барыс-4» базарындағы көтерме сауда нарығында бағаға жүйелі мониторинг жүргізіліп келеді. Бұл жұмысқа Алматының Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы, Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті, Мемлекеттік кірістер департаменті, сондай-ақ Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департаменті тартылған.

Іс-шаралардың негізгі мақсаты — баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу. Шекті сауда үстемесін (15%-дан аспайтын) сақтау және жеткізу тізбегіндегі тиімсіз делдалдық буындарды қысқарту мәселесіне ерекше назар аударылады.

Сонымен қатар, кәсіпкерлермен және базар әкімшілігімен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сауда-саттыққа қатысушыларға заңнама талаптары, баға белгілеудің ашықтығы, сондай-ақ қолжетімді әрі дұрыс рәсімделген баға белгілерінің болуы қажеттігі түсіндіріліп келеді.


Фото: Алматы қаласы әкімдігі
Бұзушылықтар анықталған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік бақылау шаралары қабылданады.

Мониторинг қорытындысы бойынша материалдар өңірлік комиссияда қаралады. Құқық бұзушыларға қатысты тиісті әкімшілік шаралар қолданылады.

Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып отыр әрі жіті бақылауда. Оның нәтижесі қосымша хабарланады.