23 мау, 2022 сағат 10:15

Алматыда басы дауға қалған шенеунікті жұмыстан шығарып жіберді – видео


Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Лаура Мырзағали мемлекеттік қызметтен босатылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан КТК арнасына сілтеме жасап.

Қаланың этика кеңесінің шешімімен шенеунік әйел тәртіптік жазаға тартылды.

"Алматы қаласы этика кеңесінің шешімі негізінде Алматы қаласының қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Лаура Мырзағали мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін әрекет жасағаны үшін тәртіптік жазаға тартылды. Қазіргі кезде ол мемлекеттік қызметтен жұмыстан шығарылды", - делінген әкімдіктің ресми хабарламасында.

Енді Мырзағали үш жыл бойы мемлекеттік қызметке тұра алмайды.

Айта кетері, биыл сәуір айында желіде тараған видеодан кейін Лаура Мырзағалиді қызметтен уақытша шеттеткен болатын. Жазбада Мырзағали қол астындағы қызметкерлерге дөрекі сөйлеп, артығымен жазып берген сыйақыны беруді талап еткен.