06 сәу, 2021 сағат 13:28

Алматыда бір тәулікте 585 адам коронавирус жұқтырды

Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының өкілі, телемедицина орталығының басшысы Лаура Мырзағали онлайн брифинг барысында қаладағы эпидемиологиялық ахуал туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бүгін таңертеңгі ақпарат бойынша 585 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Мұның ішінде 490-ы симптомды, жеңіл және орташа деңгейдегі белгілермен, 95-і симптомсыз ауырған. Бірақ бұл көрсеткіш деңгейі тәуліктің соңына дейін өзгеруі мүмкін»,- дейді ол. 

Лаура Мырзағалидің айтуынша, Алматыда коронавирус жұқтыру жағдайы өсіп отыр.

«Осы сәтте стационарда 3 146 науқас жатыр, бұл сан кешке дейін өзгеруі мүмкін. Бір тәулікте 309 науқас келіп түсті. Бүгінде бос төсек-орындар саны 1 080 құрайды. Науқастарды сырқатының деңгейіне қарай эшелон бойынша бөліп жатқызамыз. Сырқаты жеңіл түрде өтіп жатқандар үй карантинінде, яғни 5 251 адам дәрігерлердің бақылауында. Телемедицина орталығы барлық науқаспен байланысқа шығып, жағдайларын біліп отырады», - деді Лаура Мырзағали.

Айта кетейік, 9 сәуір күні Алматыға коронавирусқа қарсы вакцинаның 57 мың дозасы жеткізіледі.