06 нау, 2023 сағат 11:35

Алматыда бірқатар сауда нүктесі мен жазғы дәмхана сүріледі

Фото: Алматы қаласының әкімдігі 

Алматыда сот шешімімен тротуарда және жалпыға ортақ жерлерде орналасқан бірнеше сауда нүктесі мен дәмхана сүріледі, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әкімдік мәліметінше, кәсіпкер Төле би мен Момышұлы көшелерінің қиылысындағы бұл жерді жалға алу құқығында үш жыл мерзімге иеленген. Жалдау мерзімі аяқталған соң бизнесмен жер телімін мемлекеттік қорға қайтаруы керек еді, бірақ ол мұны өз еркімен жасаудан бас тартқан. Сондықтан Алматының қала құрылысын бақылау басқармасы сотқа тиісті талап арызбен жүгінген.

"Нәтижесінде, 2021 жылдың қыркүйегінде ауданаралық экономикалық сот өз бетінше салынған ғимараттарды бұзып, жерді жалпы пайдалануға қайтару туралы шешім қабылдады.

Алматы қалалық соты меншік иесінің талап арызын қараусыз қалдырды. Қазір бірінші сатылы соттың шешімі заңды күшіне енді. Ғимараттарды бұзу мерзімін сот орындаушысы тағайындайды", - делінген хабарламада.