«Алтын бұлақ-2» тұрғын үй кешенінің тұрғындарын құтқаруға 35 полиция қызметкері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, Брусиловский көшесінде орналасқан «Алтын бұлақ-2» тұрғын үй кешенінің 18 қабатты үйінен қою түтін шыққаны туралы хабар түнгі сағат он екілер шамасында түскен.
ЖБО жедел кезекшісі өрт орнына дереу патрульдік полицияның 13 экипажын жөнелтті.
Сондай-ақ, өрт орнына іргелес жатқан көрші аудандардан да адамдар тартылды.
«Алтын бұлақ-2» тұрғын үй кешенінің тұрғындарын құтқаруға және өрттің салдарын жоюға 35 полиция қызметкері қатысты.
Ең алдымен осы үйдің 177 тұрғыны эвакуацияланды.
27 адам құтқарылды, оның алтауы - балалар.
«Жедел жәрдем» бригадалары түтіннен уланған 2020 және 2021 жылы туған үш сәбиді шұғыл түрде №1 қалалық клиникалық балалар ауруханасына жеткізді.
Сағат 01:45-те өрт сөндірілді. Оның себебін сараптама анықтайды.
