
Алматыда коронавирус жұқтырған 3 768 науқас ем қабылдап жатыр. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бүгін таңертеңгі ақпарат бойынша 695 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Мұның ішінде 632-і симптомды, жеңіл және орташа деңгейдегі белгілермен, 63 -і симптомсыз ауырған.
«Инфекциялық стационарларда 3 768 адам бар (төсек-орынның жалпы саны 6 060), оның ішінде 98 бала емделуде. 920 ересек адам ауыр хәлде жатыр, 2 848 науқас орташа ауыр жағдайда ем қабылдауда», – деп нақтылады қоғамдық денсаулық басқармасының баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, реанимация және қарқынды терапия бөлімінде 240 адам жатыр. Ал 27 науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылып, инвазивті емес жасанды тыныс алу аппаратында 95 адам ем қабылдауды жалғастыруда.
Медицина-санитариялық алғашқы көмек мобильді бригадалары мен телемедицина орталығының амбулаториялық бақылауында 5 950 пациент бар. Оның ішінде 5266 адамда ауру белгілері бар, олар орташа ауыр жағдайда. 684 адамда ауру белгілері жоқ.
