Алматыда КВИ жұқтырғандардың 98%-ы (136 863 адам) вакциналанбағандар. Бұл туралы Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин брифинг барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Екпелер дертті едәуір төмендетуге көмектесті. КВИ-мен жұқтырудың төмендеуі - вакциналанған халық 45%-ға жеткенде, «қызылдан» «сары» аймаққа өткен соң басталды», - деді Ж. Бекшин.
Ұжымдық иммунитет 50%-ға жеткен кезде ауру деңгейі төмендей бастады. Бүгінде Алматыда КВИ-ге қарсы ұжымдық иммунитет 57,3%-ды (вакциналанғандардың 49,2%-ы және ауырып жазылған адамдардың 8,1%-ы) құрайды.
Санитарлық-эпидемиологиялық ведомство басшысы эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтануы ұжымдық иммунитеттің қалыптасуына байланысты екенін атап өтті.
Сол себепті қаланың бас санитарлық дәрігері көбінесе инфекцияның қоздырғышы болып табылатын балалар мен жасөспірімдерді коронавирустан қорғау маңызды деп санайды. Сондай-ақ 60 жастан асқан адамдарға қауіп төндіретінін еске салды.
Алматының бас санитарлық дәрігері қала тұрғындарын екпе салдыруға, ал алғашқы вакциналанудан өткендерге 6 немесе 9 айдан кейін ревакцинация жасауға шақырды.
