
Алматыда COVID-19-бен күресу үшін 100 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
2020 жылы Алматыға COVID-19-пен күреске республикалық бюджеттен 21,6 млрд теңге бөлінді. Ал жергілікті бюджеттен 89,4 млрд теңге қарастырылды. Жалпы 100 млрд астам теңге жұмсалды.
«Бұл қаражат жұқпалы аурулар ауруханаларының құрылысына, медициналық жабдық сатып алуға, медициналық ұйымдарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге, жедел жәрдем көлігін, жеке қорғану құралдарын, тамақ өнімдерін сатып алуға, өтемақы төлемдеріне, азық-түлік және дәрі-дәрмек тұрақтандыру қорына, сонымен қатар, қаланы ауқымды дезинфекциялауға жұмсалды»,–деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Айта кетейік, Алматыдағы алғашқы жаңа модульді аурухана сәуір айында пайдалануға берілген болатын.
Оның аумағы 5850 шаршы метр,госпиталь бір мезетте 280 науқас қабылдай алады. Қарқынды терапия бөліміне 28 орын бөлінген. Мұнда 28 өкпені желдету аппараты бар. Жобаға сәйкес, мұнда 281 орындық палата, 3 орындық палаталар, зертхана бөлмесі, КТ және рентген, бронхоскопия, УЗД аппараты бөлімі бар. 10 бір орындық палатаның есігі сырттан. Әр бокс желдету жүйесімен қамтылды. Бокстарда теріс қысым жасау арқылы бациллалардың дәліздерге таралуына кедергі жасалады. Жылдам тұрғызылатын ғимарат 9 балдық жер сілкінісіне төтеп бере алады.
Ал 300 төсек-орынға арналған екінші модульді инфекциялық аурухананың құрылысы тамыз айында басталып, 1 қазанда аяқталды.
Ол «Aport» сауда ойын-сауық орталығының жанында орналасқан және қалалық клиникалық инфекциялық балалар ауруханасының филиалы саналады. Госпиталь 12 блоктан тұрады, оның ішінде 8 палаталық бөлім бар. Онда 300 төсек-орын және 30 реанимация палатасы бар. Барлық төсектер медициналық газбен және өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.
Аурухана заманауи КТ, рентген, ультрадыбыстық аппараттармен жабдықталған, сондай-ақ коронавирусқа арналған ПТР диагностикасын қосқанда зерттеудің барлық түрлері жүргізілетін өз зертханасы бар.
«Әр блок жеке жұмыс істейді. Адамдар палатада оқшаулана алады. Соған барынша мүмкіндік жасалған. Палата 2-3 адамға арналған. Жуынатын бөлме,кір жуатын орын мен асхана бөлек. Алдынғы модульді ауруханаларда бұлар қарастырылмаған. Сонымен қатар, ауруханада оттегі станциясы бар», - дейді Алматы қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Ержан Сералин.
Сонымен қатар,Алматыда дәрі-дәрмектер мен медициналық маңызы бар бұйымдар бойынша тұрақтандыру қоры құрылған болатын. Оған жергілікті бюджеттен 10 млрд теңге мөлшерінде қаражат бөлінді, бұл 2021 жылдың ақпанына дейін өнімнің 69 атауының қажетті қорын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Аталған қордың басты мақсаты - әлеуметтік сұранысқа ие дәрі-дәрмекпен жеке дәріханалар мен стационарларды қамтамасыз ету.
«Тұрақтандыру қорының шеңберінде стационарлық емдеу нысандарын қамтамасыз ету үшін медициналық құралдардың жалпы қоры белгілеген тарифтер бойынша 5 млрд теңге қарастырылды, оның 2,9 млрд теңгесі жұқпалы аурулар және провизорлық стационарлар, 893 млн теңгесі – емхана желісі үшін препараттар сатып алуға жолданатын болады. Қалған 1,2 млрд теңгеге медицина қызметкерлері және басқа да аса көп сұранысқа ие стационарлық препараттар үшін жеке қорғаныс құралдарының қорлары қалыптастырылатын болады», - деді Алматы қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқарма басшысының орынбасары Қарлығаш Әбдіжаббарова.
