
Алматыда коттедж жалдап, мерекелік шара ұйымдастыратындарды жазалау механизмі қарастырылып жатыр. Бұл туралы онлайн брифинг барысында қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәдуақас Байғабылов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Брифинг барысында журналистер спикерден «мониторинг топтары жалға алынған коттедждердегі шараларды тоқтата ала ма?» деп сұрады
«Бүгінгі күні бұл - маңызды мәселенің бірі. Себебі тек біздің қалада ғана емес, Қазақстанның басқа өңірлерінде де кәсіпкерлер коттеджде шара өткізіп жүр. Қазіргі уақытта біз бұл мәселемен айналысып жатырмыз, белгілі бір заңнамалық мәселелер бар, өйткені бұл - тұрғындардың жеке аумағы. Ұйымдастырушыларды да, қала тұрғындарын да тексеру жұмысын қарастырып жатырмыз. Арнайы механизм жасалады», - деді Сәдуақас Байғабылов.
Айта кетейік, Алматы эпидемиологиялық жағдай бойынша әлі де «қызыл» аймақта тұр.
Өткен тәулікте қалада 526 адамнан коронавирус анықталған.
