04 там, 2025 сағат 12:29

Алматыда құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алуға қатысты алаяқтық әрекеттер әшкереленді

Фото: ашық дереккөз

Алматы қаласында Қаржы мониторингі агенттігінің қалалық департаменті құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алулар кезінде жалған мәліметтерді пайдаланған адамдар тобына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Ult.kz.

Тергеу барысында 2021–2024 жылдар аралығында күдіктілер тобы жалған компаниялар арқылы құрылыс жұмыстарына арналған тендерлерге қатысып, рейтингтерін қолдан көтеру үшін жалған құжаттар мен мәліметтерді пайдаланғаны анықталды.

Мұндай қызмет үшін ұйымдастырушылар 500 мыңнан 1,5 миллион теңгеге дейін сыйақы алып отырған. 

Заңсыз жолмен алынған табыстың жалпы сомасы 664 миллион теңгеден асып кеткен. Бұл қаражатқа 11 автокөлік пен 12 жылжымайтын мүлік (оның ішінде 5 тұрғын үй мен 7 жер учаскесі) сатып алынған. 

Тергеу болжамына сәйкес, күдіктілердің заңсыз әрекеттерінің нәтижесінде жалпы құны 70 миллиард теңгеге жуық келісімшарттар жасалған.

Қазіргі уақытта төрт күдікті ұсталып, тергеу изоляторына қамалды. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпараттар жария етуге жатпайды. Тергеу амалдары жалғасуда.