28 нау, 2023 сағат 09:38

Алматыда «Qnet» қаржы пирамидасын басқару дерегі бойынша күдікті ұсталды

Фото:instagram.com/qnet_kazakhstan

Алматыда Qnet қаржы пирамидасын басқару дерегі бойынша күдікті ұсталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті қалалық прокуратурамен бірлесіп, оңтүстік мегаполис аумағында "Qnet" қаржы пирамидасын басқару фактісі бойынша күдіктіні ұстаған. Ол азаматтардан ақша жинап, біреуінің жарналарының есебінен басқа қатысушыларды байыту мақсатында қайта бөлген.

Айта кету керек, "Qnet" қызметі желілік маркетинг және электрондық коммерция түрінде жасырылған. Бірқатар шет елдерде "Qnet" компаниясы қаржы пирамидасы болып танылды. Сондай-ақ, оны ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы пирамидасының белгілері бар компаниялар тізіміне енгізді. 

"Алматы қаласының мамандандырылған тергеу соты күдіктіге қатысты 2 айға "қамауда ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді. 

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етуге жатпайды" - делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін елордада осындай қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша күдікті ұсталған болатын. 

ҚМА азаматтарды қырағы болуға және өз жинақтарын күмәнді қаржы ұйымдарына салмауға шақырады.