Фото: ашық дереккөз
Алматы қаласының соттарында сәуір айында такси жүргізушісі мен екі жолаушы арасында орын алған қақтығысқа байланысты екі іс қаралды, деп хабарлайды Ult.kz.
Іс материалдарына сәйкес, жолаушылардың бірі көліктің артқы орындығында отырып, салонда темекі шеккен. Жүргізушінің ескертуіне ол балағат сөздер айтып, агрессивті түрде жауап берген және жүргізушіні ұрған. Сот бұл жолаушыны ҚР Қылмыстық кодексінің 109-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 12 тәулікке қамауға алуға үкім етті. Сонымен қатар, сот жәбірленушіге 100 000 теңге көлемінде моральдық шығынды өтеу туралы шешім қабылдады.
Екінші жолаушы да жүргізушімен жанжалға түсіп, балағат сөздер айтқан. Ол ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі бойынша жауапқа тартылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Сот шешімдері әлі заңды күшіне енген жоқ.