06 мам, 2024 сағат 16:40

«Алматыда тарап кеткен пәк қыздар тізімі». Министрлік мәлімдеме жасады


Фото: Турар Казангапов ©/tengrinews


Цифрлық даму министрлігі «пәк қыздардың тізіміне» қатысты мәлімдеме жасады. Тізімді таратқандар жауапқа тартылатын болды, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Massaget.kz-ке сілтеме жасап.


Министрлік Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ университетінде дербес деректерді тарату бойынша болған жағдайға қатысты түсініктеме алу үшін ЖОО-ға сұрау салды.


«ЖОО ұсынған жауапқа сәйкес, университетпен шарт негізінде әрекет ететін медициналық ұйымның қызметкері 2024 жылғы 6 ақпанда WhatsApp арқылы флюорографиялық зерттеуден өту үшін студенттер тізімі бар Excel форматындағы құжаттарды жіберген, онда студенттердің ТАӘ-нен басқа, медицина қызметкерінің құпиясына жататын мәліметтер қамтылған», - деп жазды ведомство.


Бүгінгі таңда министрліктің атына жеке деректері тізімде болған азаматтардан өтініштер түскен жоқ.


«Алматы қаласының полиция департаменті Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының талаптарын бұзу бойынша қылмыстық іс қозғады, оның шеңберінде министрлік қызметкерлері маман ретінде тартылды, оның қорытындысы бойынша Университеттің іс-әрекеттері бойынша сараптамалық қорытынды ұсынылды. Қылмыстық істің қорытындысы бойынша қылмыстық құқық бұзушылық фактілері болмаған жағдайда министрлік әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесін қарайтын болады», - деді ЦДИАӨМ баспасөз қызметі.


Еске салайық, 2024 жылғы 16 ақпанда GitHub ресурсында белгісіз қытайлық компанияның деректерінің тарап кетуін жариялады, онда қазақстандықтардың дербес деректері қамтылды.