23 ақп, 2023 сағат 11:59

Алматыда тау бөктеріндегі ағаштарды кесу сәті видеоға түсірілді

коллаж: Tengrinews.kz

Алматыда тау бөктеріндегі ағаштарды жаппай кесу видеоға түсіп қалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.

Жергілікті тұрғын жұмысшылар тобы ондаған жеміс ағашын қалай кесіп жатқанын видеоға түсіріп алған. Оның айтуынша, бұл "Нұрлытау" шағынауданында, Мерген көшесінен жоғары болған.

Алматы қаласының Экология және қоршаған ортаны қорғау департаменті "Нұрлытау" шағынауданындағы ағаштардың кесілуіне қатысты пікір білдірді.

"Нұрлытау" шағынауданы, 46 мекенжайы бойынша ағаш кесу дерегі бойынша мынаны хабарлаймыз. Осы мекенжай бойынша аумақты тексеру барысында Алматы қаласы Экология және қоршаған ортаны қорғау департаментінің мамандары 63 дана жеміс ағаштарын кесу дерегін анықтады. Ағаш кесу рұқсат құжаттарынсыз жүргізілген. Осыған байланысты тиісті сараптама актісі жасалды", - деді ведомство өкілдері.

Әкімдік шығынды да есептеген.

"Заңсыз әрекеттерден келтірілген залал 1 060 АЕК мөлшерінде анықталды, бұл 3 657 000 теңге болады. Сонымен қатар, мұндай жағдайларда кінәлінің өтемдік отырғызу жұмыстарын жүргізу міндеттемесі қарастырылған. Бұл ретте өтемдік отырғызу көлемі Алматы қаласының жасыл желектерін күтіп-ұстау және қорғау ережелеріне сәйкес биіктігі кемінде 2,5 метр болатын 3150 ағаш", - деді Алматы қаласы Экология және қоршаған ортаны қорғау департаменті өкілдері.

Дерек бойынша Алматы қаласының Полиция департаменті мен Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасына қолданыстағы заңнама аясында одан әрі шаралар қабылдау үшін хат жолданған.