02 мам, 2017 сағат 19:19

Алматыда жаяу жүргіншілер көпірін су шайып кетті

Алматыда толассыз жауған нөсер Бекенбай өзенінің жаяу жүргіншілер көпірін шайып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Толассыз жауған жаңбыр салдарынан Бекенбай өзенінің арнасындағы үш учаскені (Горная көшесіндегі №29 маршруттың соңғы аялдамасы) габиондық құрылымды, көпірлер мен қоршауларды су шайып кетті.

Аталмыш көпірдің қауіпті учаскелер тізіміне өткен жылы кіргені анықталды. «2016 жылы аудандық әкімдік құрылымға жөндеу жұмыстарын жүргізген болатын. Жөндеу жұмыстары барысында көпірдің шөгіп жатқандығы байқалды. Осыған орай, 2017 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін алдағы жылға бюджеттен қаржыландыруға өтінім білдірдік. Биыл 119 677 мың теңге бөлінді. 2017 жылы аталған учаскедегі габиондық құрылымды, көпірлерді, қоршаулар мен гранитті тақтаны қалпына келтіру бойынша ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізіледі», - деп хабарлады Алматы қаласы Медеу аудандық әкімдігі.

Қазір конкурс өтуде, оның нәтижесі 20 мамырдан кейін белгілі болады. Тендерді ұтқан компания жөндеуді маусым айында бастайды.