07 там, 2019 сағат 11:04

Алматыдағы Сейфуллин көшесінде тәртіп орнады

Алматыдағы Сейфуллин даңғылында тәулік бойы рейд шаралары өткізіледі. Көше бойында жеңіл жүрісті қыздарды полиция анықтап, тиісті шаралар қолдануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алматы қаласы әкімінің тапсырмасы бойынша Сейфуллин даңғылында интимдік қызмет көрсететін жеке тұлғаларды және жезөкшелер ордасын анықтау бойынша рейдтік шаралар тұрақты түрде жүргізілуде. Осы кезеңде ішкі істер органдарына 1 200 -ден астам жеңіл жүрісті қыз-келіншектер жеткізілді. Сонымен қатар, жоғарыда аталған әйелдерді тасымалдаумен айналысатын 205 адам және 87 такси жүргізушісі анықталды. Полицияға жеткізілген әрбір адамға қатысты арнайы тексеру жүргізіледі: олардың жеке басын анықтаймыз, басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексереміз, саусақ ізін аламыз. Содан кейін әкімшілік және қылмыстық заңнамаға сәйкес шара қолданамыз», - деді Алматы қалалық ПД Түрксіб аудандық полиция басқармасының бастығы Еркін Амантаев.


Сондай-ақ, профилактикалық шараға СПИД орталығының қызметкерлері де жұмылдырылды. Медицина қызметкерлерінің жұмыс істеуіне полиция жағдай жасады. Олар басқармада арнайы зертхана кабинетін ұйымдастырды. Онда жеңіл жүрісті қыздар жыныстық жолмен берілетін ауруларға тест тапсырды.

Алматы полициясының жұмысына Сейфуллин көшесінің тұрғындары оң баға берді.

«Полиция қызметкерлері тәулік бойы жұмыс істейді. Қазір бәрі жақсарып келеді. Бұрынғыдай жол бойында тұратын қыздар жоқ. Бір ай болды, көше тым-тырыс. Төбелес, айқай-шудан құтылдық», - дейді Сейфуллин даңғылы бойында орналасқан азық-түлік дүкенінің иесі Гүлсім Баймахамбетова.

«Мен Сейфуллин көшесінде орналасқан көпқабатты үйде 1961 жылдан бері тұрамын. Осыдан 20 жыл бұрын біздің көше Алматының ең қорқынышты көшесі болатын. Түнгі көрінісін айтуға аузым бармайды. Жартылай жалаңаш қыздар тротуарда отырды, өту мүмкін болмады. Қазір бәрі өзгерді. Жеңіл жүрісті қыздарды немесе маскүнемдерді көрсек болды, дереу полицияға хабарласамыз, олар келіп шара қолданады. Тәртіп күшейе түсті, учаскелік полиция қызметкерлері жақсы жұмыс істеп жатыр», - дейді жергілікті тұрғын Элизаветта Гунбина.