коллаж: Tengrinews.kz
Алматыда Брусиловский көшесінде орналасқан «Алтын бұлақ-2» тұрғын үй кешеніндегі пәтерлер өртеніп жатыр. 120-дан астам адам эвакуацияланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, департамент күштері мен техникасы шақырту бойынша 11 желтоқсан сағат 23:58-де Алмалы ауданы, Брусиловский көшесіндегі 167 үйдегі өртті сөндіруге аттанған. Олар келген сәтте, яғни сағат 00:08-де «Алтын бұлақ-2» тұрғын үй кешенінің 6-7, сондай-ақ 17-18-ші қабаттары қатар жанып жатқан.
«Оқиға орнында жедел штаб құрылды. Газ және түтіннен қорғау қызметінің бөлімшелері қазір 120-дан астам адамды эвакуациялады, 20 адамды құтқарды, гидранттарға цистерналар орнатты. Баспалдақ алаңдарындағы түтінді азайтуға оны тартатын өрт сөндіру көліктері жұмылдырылды», - делінген баспасөз хабарламасында.
Тілсіз жауды ауыздықтауға 70-тен астам қызметкер мен 18 техника жұмылдырылған. Эвакуация жүріп жатыр. Сол маңдағы жеке көліктердің көптігі өрт сөндіру техникасына кедергі болғанына қарамастан, өрт сөндіру сатылары іске қосылған.
