13 мам, 2022 сағат 13:10

Алматының денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары қызметінен кетпек


Алматы әкімдігі Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лаура Мырзағалидың қызметінен босатылуына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Мемлекеттік қызмет істері департаментіндегі Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері жоғары лауазымды тұлғаны қызметінен босату туралы шешім қабылдап, басқармаға ұсыныс жасады. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы шешімді 10 жұмыс күні ішінде (20 мамырға дейін) қабылдауы керек", - деді Алматы әкімінің баспасөз қызметі.

Өткен айда әлеуметтік желіде Лаура Мырзағалидың қызметкерімен сыйлықақыға байланысты сөзге келіспей қалғаны түсірілген видео тараған. 

Кейін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті дәрігер Лаура Мырзағалиға қатысты тексеру басталғанын мәлім етті.