
Алматы маңындағы алғашқы экологиялық бекет өз жұмысын бастады. Бір тәулікте елуге жуық көлік тоқтатылып, олардан шығатын зиянды заттардың мөлшері өлшенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жаңартылған экопосттарда көпкомпонентті газанализаторлар қолданылады. Сол арқылы бензин және газбен жүретін көліктерден шығатын зиянды заттарды өлшейді. Яғни, көмірсутектер, көміртек тотығы, көмірқышқыл газы, азот оксидтері тексеріледі. Дизельмен жүретін көліктер де назардан тыс қалмайды.

«Құлжа тас жолындағы экологиялық бекеттің жұмыс істеп тұрғанына 10 жылдай уақыт болды. Осы уақыт аралығында ол ескірді. Сондықтан оны қайта қалпына келтірдік. Газдарды өлшеуге арналған қондырғысы бар жаңа модульдік ғимарат орнатылды. Жаңартылған экопост қараша айынан бастап тестілік режимде жұмыс істей бастады. Жақын арада тағы осындай 17 экопост пайда болады. Жер учаскесі бөлінді. Екі апта сайын бір экопост іске қосылады. Былтыр ауа сапасын бақылауға арналған 10 автоматты станция орнаттық. Станциялар атмосферадағы ластаушы заттардың көлемін, сондай-ақ ылғалдылық, температура, қысым, жел бағыты мен жылдамдығын өлшейді», - деді Алматы қалалық жасыл экономика басқармасы бастығының орынбасары Айдын Темешев.

Экопостарда көліктерден шығатын зиянды заттарды өлшеуге арнайы оқытылған 60 – тан астам маман жұмылдырылады.
19 экопосттың әрқайсысы үшін жоспар құрылды, оған сәйкес күніне 500-ден астам көлік тексерілуі керек.
«Жаңартылған экопост жұмысын кеше бастады. Бір тәулікте 48 көлік тоқтатылды. Оның ішінде жеті автокөлік иесіне хаттама толтырылды. Әкімшілік айыппұл 434-бап бойынша салынады. Бірінші рет ескерту ретінде 2 АЕК айыппұл салынады, егер көлік құралы екінші рет тоқтатылса, онда 5 АЕК, ал егер ол үшінші рет қайталанса, автокөлік иесі 10 АЕК көлемінде айыппұл төлеуі керек. Сондықтан, ескерту алғаннан кейін автокөлік иесі машинасын мемлекеттік стандартқа және зертханалық тексеруден өткізу қажет», - деп қосты Алматы қалалық жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Ержан Ұзабаев.








