
Алматы қаласының Медеу, Алмалы, Жетісу ауданына қарасты бірқатар тұрғын үйлер мен өзге де ғимараттарға суық су беру тоқтатылады. Бұл туралы «Алматы су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны мәлім етті.
«29 наурызда сағат 9:00-ден 14:00-ге дейін Медеу аймағында Байжанов - Қажымұқан - Назарбаев көшелерінде орналасқан тұрғын үйлер мен басқа да нысандар суық судан ажыратылады», – деп хабарлайды «Алматы су».
Сонымен қатар, 31 наурыз күні таңғы 9:00-ден кешкі сағат 18:00-ге Алмалы ауданына қарасты Құрманғазы - Шевченко - Наурызбай батыр – Сейфуллин көшесіндегі үйлерде суық су болмайды. Сәуірдің бірі күні - Мақатаев - Райымбек - Желтоқсан – Сейфуллин көшесінде орналасқан тұрғын үйлер мен басқа да нысандарға суық су беру тоқтатылады.
«1 сәуір күні сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін Жетісу ауданында орналасқан Райымбек - Сейфуллин – Тобаяқов (Теміржол вокзалы) - Абылай хан көшесінің бойындағы үйлер мен әкімшілік ғимараттарға суық су беру шектеледі», – делінген хабарламада.
Судың берілмеу себебі жаңа су құбыры желісінің қосылуына байланысты. Денсаулық сақтау, білім беру және өзге де әлеуметтік сала ғимараттарына су автоцистерналармен жеткізіледі.
