16 нау, 2021 сағат 21:24

Алтай Көлгінов мереке алдында елордалықтарға үндеу жасады

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов шаһар тұрғындарына үндеу жасады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Тура бір жыл бұрын елімізде әлемдік пандемияға байланысты төтенше жағдай енгізілді. Қала аумағында блокпостар орнатылып, «коменданттық сағат» жарияланды. Содан бері медицина қызметкерлері коронавируспен күрестің алдыңғы шебінде келеді. Мемлекет жедел қабылдаған шаралардың арқасында індеттің таралу қаупін азайту мүмкін болды. Дегенмен, вирус әлі де бар» деп жазды қала басшысы Instagram парақшасында. 

Әкімнің сөзінше, қазір елорда - қызыл аймақта. Бірқатар қосымша шектеулер қойылды. 

Санитар дәрігерлердің айтуынша, тіркелген жағдайлардың өсуі - мерекенің алдында және мереке күндері байқалады. 

Осы жексенбі - 21 наурызда қалада локдаун жарияланады. 

«Барлық бұқаралық шараларға тыйым салынды. Адамдардың өмірі мен денсаулығына ештеңе де қауіп төндірмеуі керек. Жағдайға немқұрайлы қарай алмаймыз, себебі індетке қайта шалдығу қаупі бар. Коронавирусты жеңіп шыққанның өзінде де денсаулықты күткен жөн. Қиын кезеңнен ауызбіршілікпен өтуіміз керек. Инфекция жұқтырған адам санының күрт өсуіне жол бермеуіміз керек. Коронавируспен күресудің тиімді әдістерінің бірі - вакцинация. Ұжымдық иммунитетті қалыптастырып, санитария нормаларын сақтап қана қалыпты өмірге орала аламыз» деп ескертті Алтай Көлгінов.