16 мам, 2022 сағат 17:20

«Алтын Ордадағы» тексеріс: 1,5 млрд теңге салық өндірілді


«Алтын Орда» базарында сауда жасайтын 2993 азамат кәсіпкер ретінде тіркелді. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ведомство нарыққа қатысты бірқатар бақылау іс-шарасын жүргізгенін атап өтті.

"Алтын Орда" базарының аумағында сауда жасайтын 2 993 тұлға кәсіпкер ретінде тіркелді (оның ішінде ақпанда - 1371, наурызда - 1443, сәуірде - 179). Бұрын есепте тұрған жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың саны 3 324-ге жетті. Бұрын базар аумағында 331 салық төлеуші есепте тұрған", - делінген хабарламада.

Бақылау іс-шаралары базарды жалға алушы Altyn Orda QazTrade Ltd ЖШС және KURYLYS LTD - "Құрылыс ЛТД" ЖШС-не қатысты жүргізілген.

"Қабылданған шаралар нәтижесінде бюджетке 1,5 миллиард теңге салық төленді, оның ішінде Altyn Orda QazTrade Ltd ЖШС 1,4 миллиард теңге сомасына салық төледі, "KURYLYS LTD" ЖШС - "Құрылыс ЛТД" бюджетке 92,3 миллион теңге төледі.

Сонымен қатар, жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша KURYLYS LTD ЖШС және Altyn Orda QazTrade Ltd ЖШС-ге камералық бақылау нәтижелері бойынша жалпы сомасы 1,3 миллиард теңгеге хабарламалар берілген, олар бойынша салық түрінде 1,1 миллиард теңге, 650 миллион теңге жиналды", - деп толықтырды ведомство өкілдері.

Камералық бақылау салық тексеруін жүргізбестен мемлекеттік кірістер органдарының хабарлама ұсынуын білдіреді.

Сонымен қатар, Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, қазіргі уақытта Altyn Orda QazTrade Ltd және KURYLYS LTD - "Құрылыс LTD" компанияларына қатысты да салықтық тексерулер жүргізіліп жатыр.

Ақпанның басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерге "Алтын Орда" базарында тәртіп орнатуды тапсырған болатын.