26 нау, 2026 сағат 19:55

Ана мен бала тағдыры: бір күн кешіккен виза бес жылдық тыйымға әкелді

Фото: HALYQSTAN
Алжир азаматы Сарах Тазекриттің Қазақстандағы оқиғасы бастапқыда қарапайым сапар ретінде басталып, ақырында отбасының ажырау қаупіне әкелген сот дауына ұласты, деп хабарлайды Ult.kz HALYQSTAN telegram арнасына сілтеме жасап.

Тазекрит елге туристік визамен, Қазақстанда инвесторлық виза арқылы жұмыс істейтін кәсіпкер күйеуімен бірге келген.

Оның елде болу мерзімі 2025 жылғы 14 қазанда аяқталуы тиіс еді. Алайда дәл сол күні ол заң талаптары мен адамның табиғи физиологиясы тікелей қайшылыққа түскен жағдайға тап болды: әйел жүктіліктің соңғы кезеңінде болып, толғағы басталған.

16 қазанда ол Астанадағы ауруханалардың бірінде босанды.

Осы сәттен бастап оның елден шығуы қиын ғана емес, іс жүзінде мүмкін болмай қалды.

Себебі қолданыстағы авиациялық ережелерге сәйкес, жүктіліктің соңғы кезеңіндегі әйелдерге ұшуға рұқсат берілмейді, ал жаңа туған нәрестелер мен босанған аналарға алғашқы күндері ұшуға болмайды.

Сонымен қатар бұл жағдайда тағы бір бюрократиялық кедергі туындады: нәрестенің елден шығуына қажетті құжаттары болмады.

Оларды рәсімдеу үшін отбасы Қазақстанда туу туралы куәлік алудан бастап, Алжирдің дипломатиялық органдарымен байланыс орнатуға дейін бірқатар рәсімдерден өтуге мәжбүр болды.

Жағдайды Алжир елшілігінің Астанада сол кезде жұмыс істемеуі қиындатты, сондықтан отбасы Өзбекстанға баруға тура келеген. Соның салдарынан құжаттарды рәсімдеу бірнеше айға созылды.

Осы жағдайлардың бәріне қарамастан, 2026 жылдың наурызында Қазақстан соты Тазекритті көші-қон заңнамасын бұзды деп танып, ең қатаң жаза — әкімшілік жолмен елден шығару және кейін елге кіруге тыйым салу шешімін шығарды.

«Иә, отбасының әрекеттерінде белгілі бір салғырттық болғанын жоққа шығаруға болмайды. Бірақ әйелдің елден шығудан әдейі жалтару ниеті болмағаны анық. Оның үстіне, бұл – аса қажеттілік жағдайы, мұнда формалды талаптарды сақтау ана мен баланың денсаулығына тікелей қауіп төндіруі мүмкін еді», — дейді Астана адвокаттар алқасының адвокаты Алтынбек Айтымбетов.


Ол сондай-ақ бірқатар процессуалдық бұзушылықтарды атап өтеді: бірінші сатыдағы сотта толыққанды қорғанудың болмауынан бастап, істің барлық мән-жайының толық зерттелмеуіне дейін.

Дегенмен ең маңызды мәселе — баланың жағдайы. Ол Қазақстанда дүниеге келгенімен, сот шешімдері қабылданған сәтте оның елден шығуына қажетті құжаттары әлі рәсімделмеген болатын.

Қазіргі жағдайда, егер Сарах депортацияланса, ол бес жыл бойы Қазақстанға қайта кіре алмайды.

Теориялық тұрғыда сәби әкесімен бірге Қазақстанда қалуы мүмкін. Бірақ егер қандай да бір себептермен әкесі де депортацияланса...

Апелляциялық инстанция шешімді өзгеріссіз қалдырғаннан кейін, қорғау тарапы істі қайта қарау талабымен Бас прокуратураға жүгінді. Өтініште бұл шешімді орындау бала үшін «ауыр, қайтымсыз салдарға» әкелуі мүмкін екені ашық айтылған.

«Бүгін біз бірінші сот шешімін өзгеріссіз қалдыру туралы қаулы алдық. Яғни Сарах Тазекрит 10 күн ішінде Қазақстаннан кетуі тиіс. Енді бар үміт — кассациялық сотта. Сол жерде істі тереңірек, жан-жақты қарайды деп үміттенеміз», — дейді адвокат.


Айта кетерлігі, бұл жағдай бастапқыда қарапайым айыппұлмен-ақ шешілуі мүмкін еді — заң бұған толық мүмкіндік береді.