03 ақп, 2025 сағат 13:06

Арақты кім ішсе, эскимос ішсін

Фото: webkamerton.ru 

Жазушы, қазірде АҚШ-тың Калифорния университеті лингвистика бөлімінің зерттеушісі Лира Қоныс Instagram парақшасында эскимостардың ішімдігі туралы қызық деректі бөлісті. Ult.kz жазушының жазбасын сөзбе-сөз ұсынып отыр.

"Арақ ішем" деген адамға арақтың қайдан болсын табыла кететіні қалай деймін де... "Ішетін арақ таппай, содан қойып кеттім" деген адам көрмедік қой. Басынан бастайын. Біздің эскимостар тілін зерттейтін жобамыз бар, төрт-бес ғалым бірнеше жылдан бері шулап жүрміз. Эскимос деген өзі алыста, ақ қар-көк мұзда өмір сүретін, тыныс-тіршілігі дамыған елдерге таңсық жұрт қой. Сол себепті бізден эскимостар туралы сұрайтындар көп. Негізі қазір ол халықтарды Инует деп атаймыз. Бір студент сол инует мәдениеті туралы білгісі кеп, профессорымнан қайта-қайта қылқылдап сұрай берген ғой. Содан профессорым маған сілтеп құтылыпты.

Сөйтіп, екеуміз әңгімелесіп отырмыз. Жігіт менен "эскимос әйелін достарымен бөлісетіні рас па?" деп сұрады. (Еркектердің бәріне осы тақырып неге қызық екен?) Мен жалпы шамандықты ұстанатын азиялықтарда бірнеше ғасыр бұрын сондай дәстүр болғанын, тек эскимос емес, тәңірілік сенімдегі Сібір халықтарының мәдениетінде әйелін қонағымен, досымен бөлісу дәстүрі болғанын, соңғы екі жүз жылда жойылғанын айттым. Аляска деген топонимнің "Аанаа" деген (шеше) эскимос тілінен шыққанын айтып отырдық. Эскимостың қардан соққан үйі, ол қалай жылиды, эскимостарда неге тіс ауруы жоқ дегендей сұрақтардан кейін "эскимостарда ұлттық ішімдік бар ма?" деп сұрай қалғаны.

Вот, бұл сұраққа менде жауап болмады. Еш жерден оқымаппын, "эскимостың ұлттық шарабы бар" деген деректі. Көкем, біздің шиырлап жүргеніміз жойылу үстіндегі төрт-бес диалекті ғана, тілдік жағынан болмаса, мен олардың не ішетінін қайдан білем деп мойындай салсам болмай ма? Бірақ, мен бұрынғы журналиспін ғой, ешқашан білмеймін деген сөзді айтпаймын, сол дағдыма салып, өз логикаммен эскимостың арақ ішпейтініне баланы сендіріп жібердім.

"Ішімдіктер әдетте астықтан, не жемістен жасалады. Мысалы орыс водкасы ашыған бидайдан, саке мен соджу күріштен, немістің аппелвейні алмадан, қазақтың ұлттық шарабы жылқының сүтінен. Ал, 10 ай қар басқан далада қандай астық, қандай жеміс? Сүтін сауатын жануар жоқ, эскимостың қорасындағы малы кит пен акула. Оны қалай сауасың? Шөптерден әлдене ойлап тапқанның өзінде оны қайнату үшін от жағу керек. Эскимостар отты көп жақпайды, шикі балық жеп әдеттенген. Сондықтан, эскимоста ұлттық шарап жоқ" дедім. Жігіт сеніп қалды. Ол тұрмақ, өзімнің логикама өзім де сеніп қалдым.

Содан бүгін профессорымнан "эскимостың өз арағы бола ма" деп жәй сұрай салдым. Ол кісі Канададағы эскимостардан бастап, Аляскадағысы бар, Гринлэндтағылары бар, Ресейдегі Чукота мен Якутиядағы эскимостарына дейін түгендеп, солардың арасында бірнеше жылдап тұрып келген.

Профессорымның айтуынша, "ішсе арақты эскимос ішсін!" Ұлттық арағы бар. Оны қалай жасайды деп мен аң-таңмын. Бұл жерде осы әңгіменің басында айтқан "арақ ішем деген адам қайдан болсын таба алады" деген сөзді мақұлдамасқа амалымыз жоқ. Артикалық шеңберде де арақ ашытуға болады екен. Кәдімгі шағаланың жүнін жұлып, тазалап бөтелкедегі суға саласың. Шағаланың сүйегінен ашытатын нәрсе бөлінеді дейді. Сусын ашыған соң сүзіп ап, қына араластырып дәмін өзгертесің. Болды, эскимосымыз мас. Мас болғанда да қымыздыкіндей қыз-келіншекке қылжақтатып қана қоятындай үш градус емес, өте өткір!

Эскимостың тіпті төл әліпбиі болмаған, қазіргі әліппесін еуропадан келген дін таратушылар жасап берген. Сонда әріп танымайтын эскимос анау ұшып жүрген шағаланың сүйегінде суды ашытатын элемент барын қайдан біледі?! Нью Мексикодағы үндістердің Конансито деген тайпасында болғанымызда кактустан ашытылған градусы спиртпен бірдей арақ көргем. Қысқасы, ішем деген адам амалын табады.