28 мау, 2019 сағат 09:04

Арысқа оралған тұрғындарды қандай мәселе мазалайды?

Жарылыс болған Арыс қаласының тұрғындары бүгін жаппай үйлеріне оралып жатыр. Күтпеген жерден төтенше жағдайға тап болған жұртты қазір қандай мәселелер мазалайтыны белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Арыс қаласының тұрғыны Айнұр Мұратбекованың айтуынша, оны ең алдымен баспанасының жағдайы мазалайды.

«Үйімнің есігі мен терезесі сынғанын білдім, біреулердің үйі өртеніп кеткен деп жатыр. Ортасына түсп кеткен деп айтылуда. Үйден қашқанда құжаттарымды да алып үлгермеген едім, оның да бар-жоқтығын білмей тұрмын. Қалтамда азын аулақ болса да қаражатым жоқ. Барғанда тым болмаса ас ауқат алу да мұң болып тұр. Бұрын әскери бөлімде жұмыс істейтін едім, кейін қысқартып жіберді. Тойханаға жұмысқа тұрған ем, олар да қирап жатыр деп естідім. Соған қарағанда жақын арада жұмысым да болмайтын сияқты. Үйде жалғыз өзім тұратындықтан сенетін адамым да болмай тұр», - дейді Айнұр Мұратбекова.

Ал, Жансұлу Баймаханова өзінің балаларына  алаңдап отырғанын айтады. Оларға ас ауқат тауып беру, жататын орын табу жағы жас келіншекке қиындық туғызып отыр екен. 

«Біздің үйіміз әскери бөлімге жақын жерге орналасқан. Інім барып көрген екен, қирап қалыпты. Дуалдары көшіп, терезелері сынып кетіпті. Басқа баратын жеріміз жоқ. Оның үстіне ақшам да жоқ. Кішкентай сәбиіме тамақ тауып беруім керек», - дейді Жансұлу Баймаханова.

82 жастағы қария Мырзалы Сиқымбаевты да баспана мәселесі мазалайды. Зейнеткердің айтуынша, жарылыс болғанда Шымкенттегі туыстарын паналап кеткен. Алайда сегіз жан бір үйге сыймағандықтан, әр күні әр туысының үйінде түнеген. Бүгін көшіріп жатыр деген соңғ Арысқа жетуге асығып отыр.

«Бәріміз тоқырлап әр үйде қашанғы жатамыз. Кетейік дедім Арысқа. Бүгін буынып-түйініп жолға шықтық бала-шағамызбен. Үйіміз қандай болса да тазалап, кіріп аламыз. Көмек болса болды, болмаса амалдаймыз да», - дейді қария.