24 қар, 2022 сағат 09:01

Асқар Забикулиннің өмірін қиған өрттің себебі анықталды


Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті Астанадағы "Қаһарман" тұрғын үй кешеніндегі өрттің себебін жариялады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Биыл 16 қарашада Бауыржан Момышұлы даңғылы, 14 мекенжайындағы "Қаһарман" тұрғын үй кешенінде өрт шықты. Өрттің шығу себебі - электр сымдарының қысқа тұйықталуына әкеп соқтырған ұзартқыш желісіндегі ақаудың болуы", - делінген хабарламада.

Осы жылдың өткен кезеңінде елорда аумағында 682 өрт тіркелген, оның 105-і көппәтерлі тұрғын үйлерде болған. Әдетте, өрттің себептері тұрғындардың өрт қауіпсіздігі ережелерін және қарапайым талаптарын сақтамау болып табылады.

Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға электр желілерін, розеткаларды ақаусыз күйде ұстауға, желілік сүзгілерді және басқа да электр құралдарын жарамсыз күйде пайдаланбауға ерекше назар аударуды ұсынады. 

Еске салайық, 16 қарашада елордалық өрт сөндірушілер Астанада өртеніп жатқан пәтерден бес адамды аман алып қалған болатын. Кейін адамдарды құтқарған өртсөндірушілердің аяқ-қолдары мен бетін күйік шалғаны анықталды. Денесінің 80 пайызын күйік шалған Асқар Забикулин көп ұзамай ауруханада жан тапсырды.