
Елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің төрағалығымен Нұр-Сұлтанда коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова мәлім еткендей, Нұр-Сұлтанда CОVІD-19 бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. Қала эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасында бір айдан астам уақыт «қызыл« аймақта тұр.
«Күніне 350-ден 650-ге дейін жағдай тіркеледі. Соңғы аптада сырқаттанушылық көрсеткіші алдыңғы аптадан 9,7% жоғары, 100 мың тұрғынға шаққандағы қарқынды көрсеткіш 320,43 құрады. Репродуктивті саны — 1,021. Жыл басынан бері қаламызда науқастар саны 22 мыңнан асты, ал пандемия басталғаннан бері 41 214 жағдай тіркелді: 26 888 — симптомдық және 14 326 — асимптомдық. Өткен бір тәулікте 574 жаңа жағдай тіркелді (406 симптомдық, 168 симптомсыз)», — деп түсіндірді елорда санитарлық дәрігері.
Жас құрылымы бойынша: науқастардың ең жоғары көрсеткіші ересектер арасында тіркеледі, олар КВИ-мен ауырғандардың 79,9% құрайды, балалар 17,3%, жасөспірімдер 2,8% құрайды. Сәуір айында наурыз айымен салыстырғанда егде жастағы адамдар арасында коронавирус жұқтыру жағдайларының 2,2% артты.
«14 жасқа дейінгі балалар арасында науқастар саны үш есе өскені байқалады. Қаңтарда – 571, ақпанда – 479, наурызда – 1106, сәуірде – 1790. Айтарлығы, инфекция жұқтыру балалардың барлық жас топтарында байқалады. Бұл ретте сәуір айында жалпы сырқаттанушылық көрсеткіші бойынша балалар үлесі 0,8% азайды. Бұл, әсіресе 7-10 жас аралығындағы (5,1%-дан 4,3%-ға дейін төмендеді), 11-14 жастағы (4,5%-дан 4,3%-ға дейін төмендеді) мектеп оқушыларына қатысты қабылданған шектеу іс-шараларының тиімділігін көрсетеді», — деп атап өтті Сархат Бейсенова.
