18 там, 2025 сағат 15:34

Астанада қарт адамдарды алдап, ірі көлемде ақша жымқырған 3 дроппер сотталды

Фото: ашық дереккөз

Астанада қарт адамдарды алдап, ірі көлемде ақша жымқырған үш дропперге сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ult.kz.

Тергеу деректеріне сәйкес, олар Telegram арқылы белгісіз куратормен байланысып, қарт жандарға туыстары жол апатына ұшырағаны туралы жалған ақпарат таратқан. «Зардап шеккендерге көмек керек» деген сылтаумен азаматтардан 14 млн теңгеден астам қаржы алған.

Жиналған қаражаттың бір бөлігі өздерінде қалып, қалғанын ұйымдастырушының шотына аударып отырған.

Күдіктілердің екеуі шетел азаматтары болып шықты. Олар елден кетпек болған сәтінде Алматы халықаралық әуежайында ұсталды.

Мемлекеттік айыптаушы сотта олардың кінәсін дәлелдеп, жәбірленушілерге келтірілген шығын толық өтелді.

Сот шешімімен үш айыпталушының әрқайсысы 2 жылға бас бостандығынан айырылды.

Прокуратура алаяқтық үшін заңда мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін ескертеді.