Фото: ашық дереккөз
Air Astana 2026 жылғы 15 сәуір мен 31 мамыр аралығында Астана әуежайындағы ұшу-қону жолағының сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін жоспарлы түрде жабылуына байланысты рейстер кестесіне уақытша өзгерістер енгізілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Әуекомпания мәліметінше, аталған кезеңде күндізгі уақыттағы жөндеу жұмыстарына байланысты бірқатар ішкі және халықаралық рейстердің ұшу уақыты қайта қаралады.
Өзгерістер Астанадан Алматы, Қостанай, Өскемен, Атырау және Ақтөбе бағыттарына орындалатын рейстерге әсер етеді. Сонымен қатар халықаралық бағыттар — Сеул, Франкфурт, Бейжің, Ташкент, Дубай, Фукуок, Нячанг және Ыстанбұл рейстерінің кестесіне де түзетулер енгізіледі.
Компания өзгеріске ұшыраған рейстер жолаушыларына брондау кезінде көрсетілген байланыс деректері арқылы алдын ала хабарлама жіберіліп жатқанын атап өтті.
Рейстің нақты мәртебесін әуекомпанияның брондау және ақпарат орталығы арқылы, сондай-ақ ресми сайт пен онлайн чат қызметі арқылы білуге болады.
