20 жел, 2021 сағат 14:22

«Астанаэнергосбыт» электр тарифін 7 пайызға көтеруді сұрап отыр


Нұр-Сұлтан қаласын жылу және электр энергиясымен өкілетті органның реттеуі арқылы жабдықтайтын «Астанаэнергосбыт» компаниясы электр қуатының бөлшек саудадағы тарифін 7 пайызға өсіруді сұрап жүр. Бүгін қалалық Табиғи монополияларды реттеу департаментінде осы мәселеге байланысты қоғамдық тыңдау өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бөлшек саудадағы электр тарифін көтеру туралы ұсыныстың неден пайда болғанын «Астанаэнергосбыт» ЖШС бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Жанна Гислер түсіндірді. 

Оның мәліметі бойынша, шекті бағаны ұлғайту туралы өтінішпен шығуға мынадай факторлар себеп болған: 

- энергия беруші ұйымдар тарифтерінің өсуі; 

- жаңартылатын энергия көздерін қолдауға үстемеақының өсуі; 

- электр қуатының дайындығын қамтамасыз ету бойынша қызмет құнының өсуі; 

- 2021 жылға сараланған тарифтерді қолданудан алынбаған кіріс; 

- 2020-2021 жылдарда электр энергиясы мне қуаттарды сатып алу және тасымалдау бойынша бекітілген баға мен нақты бағаның айырмашылығына байланысты туындаған шығындар. 

Жанна Гислер аталған әр себепке қысқаша тоқталып өтті. Айтуынша, биыл 1 қыркүйектен бастап 1 КВт/сағ электр қуатын тұтынғаны үшін алынатын төлемнің шекті тарифі 19,84 теңге болып бекітілген. Кәсіпорын енді соны 21,13 теңгеге дейін көтеруді сұрап отыр. Яғни, өсім орта есеппен 7% немесе +1,29 теңге болады деген сөз. 

«Біріншіден, электр энергиясын сатып алудың орташа бағасы 1 КВт/сағ энергия үшін 0,03 теңгеге немесе 0,04% қымбаттады. Ал жаңартылатын энергия көздерін қолдауға арналған үстемеақы тарифі 1,57 теңгеден 1,58 теңгеге немесе 0,6% өсті. Тек электр энергиясын өндірудің шекті тарифтері өзгеріссіз қалды. Екіншіден, электр қуатының дайындығын қамтамасыз ету қызметтерінің құны 3% немесе 1 МВт электр қуаты үшін 692,3 мың теңгеден 711,4 мың теңгеге дейін өсті. Үшіншіден, энергия беруші ұйымдар тарифті өсіріп, соның әсерінен тасымалдау тарифі орта есеппен 1 КВт/сағ энергия үшін 0,63 теңгеге немесе 8% қымбаттады», - деді «Астанаэнергосбыт» компаниясының өкілі. 

Жалпы мәліметтен жалқыға ойыссақ, мынадай ахуал қалыптасып отыр. Электр желілеріне қызмет көрсететін «Астана-АЭК» АҚ тарифі 1 КВт/сағ энергия үшін 6% немесе 4,23 теңгеден 4,50 теңгеге дейін өсірген. Ал «Ақмола электрожелілік үлестіру компаниясы» АҚ тарифін 6% немесе 5,08-ден 5,36 теңгеге дейін көтерген. 

«КЕГОК» АҚ тарифі 15% немес 2,448-ден 2,811 теңгеге дейін артқан. 

Теңгерімдеуші электр энергиясының шекті тарифі 19% немесе 0,086-дан 0,102 теңгеге өскен. 

«Тұтынушылардан пайдаланған энергияның көлеміне байланысты бекітілген сараланған тариф бойынша 2021 жылы қосымша 495,7 млн теңгенің кірісі алынбай қалды. Ал электр энергиясын сатып алу және тасымалдау бойынша бекітілген баға мен нарықта нақты қалыптасқан бағаның айырмашылығынан 884,9 мың теңге шығын келді. Бұл жерде 2018-2020 жылдар аралығындағы шығынды айтып отырмыз», - деді Жанна Гислер. 

Осыларды алға тартқан «Астанаэнергосбыт» компаниясы сараланған тарифті 2022 жылдың қаңтарынан бастап мынадай көлемде бекітуді ұсынып отыр: 

- қарапайым тұрғындар үшін 1 КВт/сағ электр энергиясының құнын 14,54 теңге ету (+7%); 

- бюджеттік ұйымдардан басқа заңды тұлғалар үшін 21,13 теңге ету (-6%); 

Бюджеттік ұйымдар үшін 85,89 теңге ету (+35,89 теңге). 

Нұр-Сұлтан қаласы Табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Болат Танабергенов аталған өтінім бойынша нақты шешім әлі шықпайтынын ескертті. 

«1 қыркүйектен бастап «Астанаэнергосбыт» кәсіпорнына 19 теңге 80 тиын шекті тариф бекітілген. Оны 2022 жылдың 1 қаңтардан бастап 6,5 пайыз көтеруді сұрап отыр. Өтінім қаралуда. Жаңа жылдан бастап тариф өседі деп нақты айта алмаймыз. Нақты шешім жыл аяғына дейін қабылданады. Бүгінгі талқылауда айтылған ескертулер мен ұсыныстардың бәрі шешім шығарар кезде ескеріледі», - деді департамент басшысы. 

Нұр-Сұлтан қаласының аумағында «Астанаэнергосбыт» ЖШС-дан басқа 10-нан астам энергия өткізу компаниясы жұмыс істейді. Бірақ олардың қызметін табиғи монополияларды реттеу органы реттемейді. Дегенмен мемлекет «Астанаэнергосбыт» ЖШС-ның тарифін реттеу арқылы жалпы нарықтағы бағаны бақылап отыр деуге болады.