
Ертеңнен бастап елорда кинотеатрлары санитарлық талаптарды сақтай отырып өз жұмысын бастайды.
Осы орайда санитарлық-эпидемиологиялық басқарма өкілдері елорда тұрғындары кинотеатрларда қандай талаптарды сақтауы тиіс екендігі туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі мониторингтік шараның мақсаты – елордадағы кинотеатрлардың жұмыс істеу тәртібі мен санитарлық талаптарды сақтауын түсіндіру және қадағалау. Өздеріңіз білетіндей кеше ғана қалалық бас дәрігердің кинотеатрлардың жұмыс істеуіне рұқсат беру туралы қаулысы шықты. Барлық кинотеатрлар санитарлық талаптарды бірдей және қатаң түрде сақтауы тиіс. Оның ішінде маска тағып жүру, антисептиктің болуы міндетті және адамдар арасындағы арақашықтықты сақтау. Кинотеатрлардың таңертеңгі сағат 10:00-ден, түнгі сағат 00:00-де дейін жұмыс істеуіне рұқсат берілді», - деді Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық санитарлық-эпидемиологиялық басқармасының басшысы Арман Құрбанов.

Оның айтуынша, елордадағы кинотеатрлардың жұмыс істеу барысын арнайы мониторингтік топ қадағалайтын болады.
«Көрермендер өзімен бірге тамақ алып келуге болмайды, тек қана суға рұқсат беріледі. Тағы бір айтып өтетін дүние, 5 жасқа дейінгі балалардың кинотеатрларда маскасыз жүруіне рұқсат бар, ал одан жоғары балалар мен ересектер міндетті түрде маска тағып жүруі керек. Сондай-ақ, 5 жасқа дейінгі балаларды ата-аналар өздерінің қасына алып отыруға болады. Бізде арнайы мониторингтік топ құрылды, топ мүшелері қала бойынша кинотеатрлардың санитарлық талаптарды сақтауын қадағалайды. Кинотеатрларға рейд күндіз және түнде жүргізілетін болады. Егер тиісті талаптардың бұзылғаны анықталған жағдайда, акт толтырылып кинотеатр өкілдері жауапқа тартылатын болады», - деді ол.
Айта кетсек, бүгін елордада арнайы мониторингтік топ өкілдері кинотеатрларының жұмыс істеуге дайындық барысын тексеріп шықты.
Еске сала кетсек, елордада 26 желтоқсаннан бастап қаланың бас санитарлық дәрігері Жанна Пірәлиеваның қаулысымен кинотеатрлардың санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сай жұмыс істеуіне рұқсат берілді.












