Қарағанды облысының сегізінші сынып оқушысы асық атудан ұлттық мектеп лигасында жеңіске жетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
17-21 мамыр аралығында Көкшетауда асық атудан Ұлттық мектеп лигасы өтті. Оған 7—8 сыныптардың 50 оқушысы, оның ішінде Қарағанды облысынан 6 адам қатысты.
Абай ауданының сегізінші сынып оқушысы Нұрдәулет Есімов «Алтын сақа» сыйлығының иегері атанды. Бұл жүлде ең жақсы ойыншыға беріледі.
Жарыс жеңімпазын Асық ату республикалық федерациясының вице-президенті Жомарт Сабыржанов марапаттады.
Нұрдәулет 14 жаста. Ол Абай ауданы Құлайғыр ауылының «Топар» жалпы білім беретін мектебінде оқиды. Үздік оқушылар қатарында.
Асық ойнаумен 8 жасынан бастап айналысады. Оны дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Нұрлан Рахметов жаттықтырады.
Нұрдәулет – асық атудан аудандық және облыстық жарыстардың жеңімпазы.
