Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова пара алды деген күдікке ілінді, деп хабарлады "Ұлт ақпарат" "Ақ жайық" порталына сілтеме жасап.
Басылымның мәліметінше, бүгін, 10 желтоқсанда Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев 4 млн 500 мың теңге көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталды.
"Оларды Нұр-Сұлтан қаласынан Атырауға арнайы келген жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тобы ұстады. Алдын ала мәлімет бойынша, пара тендерге қатысты алынған", - деп жазды басылым.
Кейбір дереккөз бойынша бұл – Абай ескерткішін орнату бойынша 150 миллион теңгенің тендері үшін берілген пара. Бұл 15 миллион теңгенің (10%) бірінші траншы болған.
Сондай-ақ, желідегі парақшалардың бірінде Бақытгүл Хаменованың кабинетінің мөрленген есігінің суреті жарияланды.
Айта кетейік, бұған дейін Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев бюджет қаражатын ысырап етті деген күдікке ілінген болатын.
Қайрат Нұрлыбаев бюджет қаражатын ысырап ету фактісі бойынша күдікті деп танылды. Ол "Бұйырғын" ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне 83,7 миллион теңге көлемінде инвестициялық субсидияны заңсыз төлеген.
