Фото: ПД
Атырау облысы Еркінқала ауылында мектеп оқушылары екі жасөспірімді ұрып-соғу фактісі бойынша тергеу жүргізілуде. Бұл туралы облыстық Полиция департаменті хабарлады.
Жәбірленушілердің бірінің анасы ұлына шамамен сегізге жуық жасөспірімнің жабылып, дене жарақатын салғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, шабуыл жасаушылардың бірі құқық қорғау органдары қызметкерінің баласы болған.
"Ұлымның денесі көгеріп, мұрнынан қан кетіп, психологиялық күйзеліске түсті. Олар бізге: «Егер бұл туралы біреуге айтсаңыздар, тағы да соққыға жығамыз» деп ескерту жасады. Мен үндемей қала алмаймын. Балам үшін алаңдаймын, бірақ басқа балаларға да қауіп төніп тұрғанын ойласам, одан сайын қорқамын, – деді жәбірленушінің анасы.
Қазіргі уақытта полицияға шағым түсірілді. Құқық қорғау органдары оқиға бойынша тексеру жүргізіп, кінәлілерге қатысты тиісті шаралар қолданылатынын айтты.