03 ақп, 2021 сағат 10:13

Айғаным қонысы қайта қалпына келтіріліп жатыр - СҚО

Солтүстік Қазақстан облысында былтыр 65 млн теңгеге 4 нысанда қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

СҚО-да 600-ге жуық тарихи-мәдени ескерткіш болса, соның 8-інің республикалық мәртебесі бар. Олардың жағдайы үнемі мамандардың бақылауында. 

Былтыр тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы Петропавлдағы және Есіл, Уәлиханов, Жамбыл, Айыртау аудандарында 16 ескерткішке мониторинг жасады. Оның қорытындысы бойынша, тарихи-мәдени нысандардың иелеріне және оны пайдаланушыларға анықталған олқылықтарды жоюға 7 ескерту жіберілген. 

«Петропавл қалалық әкімдігіне қоныс аударушылар пунктіне және саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке қатысты, банктердің бірінің филиалына көпес Шафеевтің үйіне байланысты ескертулер болды», - дейді СҚО тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры Рақат Мамбеталинов. 

Былтыр өңірде 4 нысан бюджет және оны пайдаланушылар есебінен жөнге келтірілді. Осы мақсатқа 65 млн теңге жұмсалды. Қалпына келтірілген ғимараттардың бірі – С.Мұқанов тұрған үй. Жазушының 120 жылдық мерейтойына орай Жамбыл ауданы Сәбит ауылындағы мұражайдың іші-сырты жөнделіп, есік-терезелері жаңартылды. Маңайы да жөнге келтірілді. 

Биыл Айыртау ауданындағы Айғаным қонысында жөндеу жұмыстары жалғаспақ. 1824 жылы салынған үй өткен ғасырдың басында өртенген. 

Тек 1993 жылы қыстақтың орнында қайтадан ғимарат бой көтерген еді. 2019 жылдан бері нысанда қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл республика қазынасынан осы мақсатқа 25 млн теңге бөлінді.